Қазақстан Республикасының 2030 жылғы стратегиясы

 

ӨТКЕН КҮННЕН АЛЫС ЖОҚ,
КЕЛЕР КҮННЕН ЖАҚЫН ЖОҚ
Қазақтың халық мақалы

Қадірлі халайық!

Мен сіздерге, Қазақстан халқына, қоғамымыздың болашағы мен мемлекетіміздің мұраты хақындағы өзімнің пайымдауымды жолдап отырмын. Мен Сіздерге осынау болашаққа қол жеткізіп, өз мұратымызды іске асыруға жәрдемдесе алады-ау деген сенім ұялататын стратегияны ұсынғым келеді.
Мен сіздермен келер ғасырға, жаңа мыңжылдыққа, алыс перспективаға ендеп бойлайтын болашақ жайлы өзімнің ой-толғаныстарыммен бөліскім келеді. Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті.
Бұл бізге не үшін қажет? Менің ойымша, біздің әрқайсымызда ендігі жерде тек бүгінгі күнмен ғана, ағымдағы міндеттерді толассыз шешумен ғана өмір сүруге болмайтындығын терең түсіну сезімі пісіп-жетілді.
Біз ненің іргесін тұрғызғымыз келетінін, таңдап алған мақсатымызға алып келетін өз дамуымыздың траекториясы, даңғылы қандай болуға тиіс екендігін анық білуге және ұғынуға тиіспіз.
Өзіміздің басым мақсаттарымызды дұрыс айқындап, тиісті стратегияларымызға таңдау жасап, осы жолмен жүру үстінде ерік-жігер мен төзімділік таныта отырып, біз өзімізді бұралаң-бұрылысты сенделістерден, күш-қуатымызды, уақытымыз бен ресурстарымызды жөнсіз зая кетіруден сақтандырамыз.
Мықты стратегияға ие болып әрі табандылық таныта отырып, біз жолымызда кездесер кез келген күрделі кедергілерді абыроймен еңсере аламыз.
Бүгінгі таңда басымыздан кешіп отырған қиын жағдайлар бізді күш-қуатымыз бен үміттен айырмауға тиіс. Перспективаларымызды айқын үғыну, жолымызда тұрған қиындықтар мен қауіп-қатерді бүкпесіз түсіндіру біздің қоғамымыздың барша азаматтарын осынау ортақ міндетті шешу үшін жұмылдыруға жәрдемдеседі.
Біз бүгінгі кезеңнің міндеттерінен өзге біздің ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтынын: әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз.
Біз өз балаларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді?
Олар әл-ауқатты өмір сүре ме, тоғайған, дендері сау әрі білімді-білікті бола ма?
Олар жақсы әрі азат қоғамда өмір сүре ме?
Олар бейбіт-татулықта өмір сүре ме?
Олар өз қауіпсіздігі мен балаларының қауіпсіздігі үшін алаңсыз бола алар ма, көшелермен емін-еркін жүріп, өз дүние-мүлкі үшін қауіптенбес болар ма?
Біз оларға қуатты мемлекет пен өзіміздің жақын және алыс көршілерімізбен достық қарым-қатынасымызды мұра етіп қалдыра аламыз ба?
Біз осынау қарапайым, бірақ маңызды сұрақтарға бүгіннің өзінде жауап беруге тиіспіз.
Бір данагөй: егер сіз қайда бет алып бара жатқаныңызды білмейтін болсаңыз, онда сізді ол жерге кез келген жол алып баруы мүмкін деген екен. Осыны естен шығармай, болашақтың моделін жалпыланған түрде және нақты қысқа мерзімді мақсаттар түрінде ұдайы көз алдымызда бағдар етіп ұстауға тиіспіз. Мұның өзі қандай да бір іс-әрекетке кірісе отырып — біз дұрыс бағытпен жүріп келеміз бе әлде бағдардан ауытқыдық па, оқиғалардан ілгеріге оздық па әлде шабандап қалып келеміз бе — ұдайы таразылап отыру үшін қажет.
Бүгінгі күнді ертеңгі күнмен ойша салыстырған кезде, бұл процесті сан рет қайталай отырып, проблемалардың ауқымы мен олардың маңызын өзгеше қабылдайсың. Өзімізді әлем мен бүкіл планетаның бір бөлігі ретінде түйсіне отырып, біз жаңа дәуір мен жаңа уақыттың тынысын және олардың жуықтай түскенін сезінеміз.
Қазақстан жаңа мемлекет ретінде көптеген империялардың: Оттоман, Австро-Венгрия, ал мүлде таяуда — Кеңес Одағының жан тәсілім еткенін көрген дәуірде дүниеге келді.
Біз жаңа мемлекетті, жаңа нарықтық экономика мен жаңа демократияны көптеген өзге де жас тәуелсіз мемлекеттер осы тәрізді жолды басынан кешіп те үлгерген уақытта құру үстіндеміз.
Біз қуатты сыртқы күштер келешегімізді айқындауда сөзсіз елеулі рөл атқаратын күннен-күнге өсе түскен ауқымдану мен үлғайып келе жатқан өзара тәуелділік дәуірінде өмір сүріп отырмыз.
Егер біз өз ниетімізді байсалды ұстансақ және пайымды да парасатты болсақ, өз дамуымыздың ішкі және сыртқы факторларын бүкпесіз талдап-таразылауға қабілетті болсақ, онда біздің жалпы топтасуымыз, өз тарихымыз бен ерекше жағдайларымыз негізінде дұрыс жолды таңдап алу мүмкіндігіміз де бар.
Біз басқа елдердің тәжірибесін зерделей алсақ та әрі солай етуге тиісті болсақ та және халықаралық қоғамдастықтағы қолайлы үрдістерді пайдалана алсақ таг біздің жасымызға жеткенде балаларымыз бен немерелеріміз мақтан ете алар Қазақстанды құру жөніндегі үмітіміз бен арманымызды іске асыру үшін қажетті осынау орасан зор жұмысты өзге ешкім де емес, тек біздің өзіміз ғана игере аламыз.
Неліктен нақ бүгінгі таңда біздің алдымызда осы міндет тұр?
Өйткені кеше біз бұған даяр емес едік, тәжірибеміз бен білігіміз жетіспеді, жағдай, ересен тұрақсыздық пен тұрлаусыздық мүмкіндік бермеді. Міндеттің өзі де басқа болатын. Алдыңғы кезеңнің күллі мәні мынаған: басталып кеткен аласапыран өтпелі кезеңнің буырқанған жағдайында дербес мемлекет ретінде табан тіреп қалуға келіп сайды. Көптеген көріпкелдер біз сәтсіздікке ұшыраймыз және де мемлекет құрылысының, қоғамдық және экономикалық қайта құрудың бұрын-соңды болмаған міндеттерін игере алмаймыз деп сәуегейлік еткен-ді.
Бірақ алғашқы сынға біздің лайықты төтеп бере алғанымыз — еңсемізді тік ұстап, иілмегеніміз бүгін-ақ айқын. Барлық қиындықтарға қарамастан біз бейберекетсіздік пен жөнсіздік шыңырауынан шыға білдік.
Қазір біз тұрақтану кезеңіне өтудеміз. Ең өзекті және маңызды міндеттерімізді шешуде қол жеткізген табысымыз бізге жан-жағымызға үңіле зер тастауға, өткен жолымызды таразылауға әрі болашаққа батылырақ көз салуға, алдағы дамуымьіз уралы ойлауға, өз жоспарларымызды түзеуге мүмкіндік береді.
Аса ауыр жағдайларда жинақталған мемлекеттілік құру, саяси және экономикалық реформалар жүргізу тәжірибесі, әлем және оның дамуы туралы білім-білігіміз, қазақстандықтардың төзімділігі мен түсінушілігі бізге қосымша күш-қуат пен сенімділік үстейді. 
Бұл міндеттерді шешуді ертеңге қалдыруға да болмайды, өйткені біз өз реформаларымызды толық аяқтағанша күтіп те отыра алмаймыз.
Басқаша айтқанда, кеше әлі ерте болатын-ды, ал ертең кеш болып қалуы мүмкін.
Мемлекетіміз бен қоғамымызды құрудың дұрыс стратегиясын тандап алудың өміршең мәні бар. Екшеле талданып жасалған стратегиялық жоспар назарды жинақтайды, тәртіпке жүмылдырады және жәрдемдеседі.
Ол мемлекет назарын басымдықтардың аса қысқа тұжырымды тізбесіне жинақтайды, ол тәртіпке жұмылдырады әрі Үкіметті осы міндеттер мен стратегияларды күнделікті шешіп отыруға талпындырады. Ақыр аяғында, ол біздің мақсаттарымыздың іске асуына алып келетін күн сайынғы және жыл сайынғы шешімдерді қабылдауымызға жәрдемдеседі.
Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Осы нұсқауларды өмірге енгізудің жобаланған жоспарларды іске асырудың маңызы мүлде кем емес. Сондықтан әрбір министрлік пен ведомство өз жұмысын әрбір күн, ай мен жыл біз қадам басқан сайын қойылған мақсаттарымызға қарай ілгерілейтіндей етіп ұйымдастыратын жүйені құру аса қажет.
Мемлекеттік қызметшілер күн сайын алдарындағы стратегиялық мақсаттар мен басымдықтарды көріп отыруы, екінші кезектегі және күнделікті міндеттерді шешуге алаңдамастан оларды іске асыруы қажет.
Қабылданатын заңдар мен шешімдер біздің стратегиямыздың арнасында, жұмыс жинақы— жұмылған әpi үйлесімді болуңа тиіс. 

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ

 Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА

ЖОЛДАУЫ

 

 

«Қазақстан-2050» Стратегиясы

қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты

 

 

Мазмұны

 

І. Қалыптасқан Қазақстан – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы

 

  1. Қуатты да табысты мемлекет
  2. Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі
  3. Түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісімі мен  татулығы
  4. Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің рөліміз
  5. Қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясат
  6. Әлемдік қоғамдастық таныған ел
  7. Ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі біздің белсенді рөліміз

8.Қазақстан-2030 стратегиясы. Негізгі қорытындылар

 

ІІ. ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері

 

  1. Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі
  2. Екінші сын-қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік
  3. Үшінші сын-қатер – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер
  4. Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы
  5. Бесінші сын-қатер – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік

6.Алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы

  1. Жетінші сын-қатер – Үшінші индустриялық революция
  2. Сегізінші сын-қатер – үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық
  3. Тоғызыншы сын-қатер – өркениетіміз  құндылықтарының дағдарысы
  4. Оныншы сын-қатер – жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі

 

ІІІ. "Қазақстан-2050"  Стратегиясы – жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты

 

  1. Міндеттердің жаңа парадигмасы
  2. Қайда бет алдық? Жаңа саяси бағыттың мақсаттары

 

  1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты –пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

 

  1. Түгел қамтитын экономикалық прагматизм
  2. Жаңа кадр саясаты
  3. Макроэкономикалық саясатты жаңғырту

3.1. Бюджет саясаты

3.2.  Салық саясаты

3.3. Ақша-кредит саясаты

3.4. Мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты

 

  1. Инфрақұрылымды дамыту
  2. Мемлекеттік активтерді  басқару жүйесін жаңғырту
  3. Табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі
  4. Индустрияландырудың келесі кезеңінің жоспары
  5. Ауыл шаруашылығын жаңғырту

8.1.  Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде және саудада қожалықтар мен шағын және орта бизнесті дамыту

  1. Су ресурстарына қатысты саясат

 

  1. Ұлттық экономикамыздың  жетекші күші – кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау

 

  1. Шағын және орта бизнесті дамыту
  2. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің жаңа үлгісі  –

«Қуатты бизнес – Қуатты мемлекет»

  1. Жекешелендірудің жаңа кезеңі – мемлекет рөлінің өзгеруі

 

  1. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен  жеке жауапкершілік

 

  1. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері

1.1. Ең төменгі әлеуметтік стандарт

1.2. Атаулы әлеуметтік қолдау

1.3. Өңірлердегі әлеуметтік теңгерімсіздіктер проблемасын шешу

1.4. Жұмыспен қамту және еңбек саясатын жаңғырту

 

  1. Ананы қорғау. Әйелдерге қамқорлық
  2. Баланы қорғау
  3. Ұлт денсаулығы – табысты болашағымыздың негізі

4.1. Денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдықтар

4.2. Балалар денсаулығын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері

4.3. Медициналық білім беру жүйесін жақсарту

4.4. Ауылда медициналық қызмет көрсетудің сапасы

4.5. Дене шынықтыру мен спортты дамыту

  1. Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің  негізгі бағдарлары

 

  1. Білім беру саласындағы жұмыстың  басымдықтары

1.1. «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту

1.2. Инженерлік білім беру жүйесін дамыту

1.3. Білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту 

1.4. Білім беру  әдістемелерін жаңғырту

  1. Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты

2.1. Технологиялар трансферті

2.2. Ғылым мен бизнестің кооперациясы

2.3. Перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыратын жол картасы

3.Жастарға үндеу

 

  1. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту

 

  1. Мемлекетті басқарудың жаңа типі

1.1. Мемлекеттік жоспарлау мен болжау жүйесін жетілдіру

  1. Басқаруды орталықсыздандыру

2.1. Орталық пен өңірлер арасындағы жауапкершілік пен өкілеттіктердің ара-жігін ажырату

2.2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы

2.3. Ауыл әкімдерін сайлау

  1. Кәсіби  мемлекеттік аппарат қалыптастыру

З.1. Әкімшілік реформаның екінші кезеңі

  1. Бизнес қауымдастық пен мемлекеттік аппараттың өзара іс-қимылының жаңа жүйесі

5.Тәртіпсіздікке мүлде төзбеушілік принципін енгізу

  1. Жемқорлыққа қарсы күрес
  2. Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтерді реформалау

 

  1. Дәйекті де болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту

 

  1. Сыртқы саясатты жаңғырту басымдықтары
  2. Экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту

3.Өңірлік қауіпсіздікті нығайту

4.Жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу

  1. Ұлттық қорғаныс қабілеттілігі мен әскери  доктринаны нығайту

 

  1. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі

 

  1. Жаңа қазақстандық патриотизм
  2. Барлық этностар азаматтарының тең құқықтылығы
  3. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы
  4. Мәдениет, дәстүрлер және даралық
  5. Ұлттық интеллигенциясының рөлі
  6. ХХІ  ғасырдағы Қазақстандағы дін
  7. Болашақтағы Қазақстанды қалай елестетемін?
  8. Ұлтқа үндеу

 

Қадірлі қазақстандықтар!

Қымбатты отандастар!

 

Біз бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында жиналып отырмыз.

Міне, біз 20 жыл бойы осы ұлы мерекені мақтанышпен атап өтіп келеміз.

1991 жылғы 16 желтоқсанда біз – Қазақстан халқы – егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды.

Сол кездері, сапарымыздың басында бәрі басқаша болды. Енді біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында ел танымастай болып өзгерді.

Біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз.

Біздің алғы шепті алуымыз қымбатқа түсті.

Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды.

Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр.

Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігіміндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру.

Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.

Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ.

Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен  айналысады.

Дәл осы себептен де Тәуелсіздік күні қарсаңында, қымбатты менің отандастарым, мен сіздерге жаңа Жолдау  ұсынып отырмын.

Бұл – еліміздің даму перспективаларына жасаған өзіндік пайымдауым.

Бұл – жаңа саяси бағыт.

 

І. ҚАЛЫПТАСҚАН ҚАЗАҚСТАН – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы

 

Дәл 15 жыл бұрын біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі  стратегиясын қабылдадық.

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

 

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы

 

 

2012 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы.  

Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады:  

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

2. Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау

3. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік

4. Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары

5. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту

6. Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту

7. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі

 

Стратегияның толық мәтіні

 

 

 

 

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары

 

 

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығымен бекітілді.

2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезеңі адамзат тарихындағы соңғы жетпіс жыл ішіндегі ең ауыр жаhандық қаржылық-экономикалық дағдарыстың басталу уақытына дәл келді. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезінде әлемдік немесе өңірлік дағдарыстың жағымсыз салдарларына ұлттық экономиканың орнықтылығын арттыруға бағытталған шаралардың жүзеге асырылуына баса көңіл бөлінді. 

Тау онжылдықта мемлекет қызметінде бес негізгі бағыт басымдықта болады:

  • дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;
  • индустрияландыру және инфрақұрылымдық даму арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету;
  • болашаққа инвестиция ­– орнықты экономикалық өсім, өсіп-өркендеу және қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатының жетістігі үшін бәсекеге қабілетті адам капиталын арттыру;
  • тұрғындарды сапалы әлеуметік және тұрғын үй-коммуналдық қызметімен қамтамасыз ету;
  • ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын нығайту.     

2020 – Стратегиялық жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан мынадай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:   

  • Қазақстан 2020 жылға қарай экономикасы әртараптандырылған және халқы жаңа экономикаға белсенді тартылған, әлемдік дағдарыстан шыққан анағұрлым күшті және бәсекеге қабілетті елге айналады.
  • Қазақстан 2020 жылға қарай қолайлы іскерлік ахуалы бар, елдің шикізат секторында елеулі шетел инвестициясы тартылған, әлемнің ең бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына кіретін болады.
  • 2020 жылға қарай еліміз әртараптандырылған экономиканы дамыту үшін қажетті адам ресурстарына, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен экспорттаушыларға қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымға ие болады.
  • 2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы нақты алғанда 2009 жылғы деңгейге қатысты алғанда үштен бірінен асады.
  • 2020 жылға қарай төменгі күн көріс мөлшерінен аз табыс табатын халықтың үлесі 8 пайызға дейін төмендейді.  

2020 – Стратегиялық жоспарын жүзеге асырудағы басты жетістік Қазақстанның экономикалық өсімінің құрылымын сапалық жақсарту және дәйектілікпен әртараптандырылуы нәтижесінде ел азаматтарының әл-ауқатын елеулі түрде арттыру болуы керек.

 

Стратегияның толық мәтіні

 

 

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама

 

 

Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілді.

Бағдарлама мақсаты – экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы оның тұрақты және теңгерімді өсімін қамтамасыз ету.

Бағдарламаның негізгі міндеттері:

  • экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігінің артуын қамтамасыз ететін басымдықтағы секторларын дамыту;  
  • индустрияландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру;
  • экономикалық әлеуетті өңірлік ұтымды ұйымдастыру негізінде экономикалық өсім орталықтарын құру;
  • экономиканың басымдықтағы секторларын дамыту барысында мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан 2014 жылға қарай төмендегідей негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

  • 7 триллион теңгеден кем емес ІЖӨ өсімі, нақтылы түрде ІЖӨ өсімі 15%-ды құрайды;
  • ІЖӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 12,5%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;
  • экспорттың жалпы мөлшерінде шикізаттық емес экспорт үлесін 40%-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;
  • өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің жиынтық мөлшеріндегі шикізаттық емес экспорт үлесін 43 %-дан төмен емес деңгейге дейін арттыру;
  • өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігін 1,5 еседен кем емес мөлшерде арттыру.  

 

Бағдарламаның толық мәтіні

 

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы

 

Қазақстан Республикасында  білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығымен бекітілді.

(Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 2 қарашадағы № 423 Жарлығымен өзгеріс енгізілді, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 12 тамыздағы № 893 Жарлығымен Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы кіріктірілді)

Мақсаты - білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономиканың тұрақты өсімі үшін сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту.

Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан төмендегідей негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

  • жоғары және бірінші санатқа ие жоғары білікті педагогикалық қызметкерлердің педагогтардың жалпы санына шаққандағы үлесін ұлғайту, 2015 жылға қарай - 49%, 2020 жылға қарай - 54%;
  • 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтуды ұлғайту, 2015 жылға қарай - 77,7%, 2020 жылға қарай - 100%;
  • Қатысушылардың жалпы санына шаққанда кәсіби даярлық деңгейін бағалаудан және біліктілікті беруден алғашқы реттен өткен ТжКБ бітірушілерінің үлесін  ұлғайту, 2015 жылға қарай - 75%,  2020 жылға қарай - 80%;
  • мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған жоғары оқу орындары түлектерінің жоғары оқу орнын тәмамдаған алғашқы жылы мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылуын ұлғайту, 2015 жылға қарай - 78%, 2020 жылға қарай - 80%;
  • әлемнің үздік университеттері рейтингінде көрсетілген Қазақстанның жоғары оқу орындары санын ұлғайту, 2015 жылы - 1, 2020 жылы - 2;
  • халықаралық стандарттар бойынша институциональдық тәуелсіз ұлттық аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындары үлесін ұлғайту, 2015 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 65%;
  • жастардың жалпы санынан жастар саясаты мен патриоттық тәрбие саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде қатысатын жастар санын ұлғайту, 2015 жылға қарай - 31%,  2020 жылға қарай - 55%.

 

Бағдарламаның толық мәтіні

 

 

 

Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың мемлекеттiк бағдарламасы

 

Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен  қабылданды.

Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тiлдерiн сақтай отырып, ұлт бiрлiгiн нығайтудың аса маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдiң кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететiн үйлесiмдi тiл саясаты.

Бағдарламаның өзекті міндеттері мыналар болып саналады:

  • мемлекеттiк тiлдi оқытудың әдiснамасын жетiлдiру және стандарттау;
  • мемлекеттiк тiлдi оқытудың инфрақұрылымын дамыту;
  • мемлекеттiк тiлдi оқыту процесiн ынталандыру;
  • мемлекеттiк тiлдi қолданудың мәртебесін арттыру;
  • мемлекеттік тілге сұранысты арттыру;
  • қазақ тiлiнiң лексикалық қорын жетiлдiру және жүйелеу;
  • тiл мәдениетiн жетiлдiру;
  • коммуникативтiк-тiлдiк кеңiстiктегi орыс тiлiнiң қызмет етуi;
  • Қазақстандағы тiлдiк әралуандықты сақтау;
  • ағылшын және басқа да шет тiлдерiн оқып-үйрену

Қазақстанда Тілдерді дамыту мен қолдану бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде мынадай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілуге тиіс:

  • мемлекеттiк тiлдi меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн («Қазтест» тапсырудың нәтижесi бойынша 2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 95%);
  • мемлекеттiк тiлдi В1 деңгейiнде меңгерген мектеп түлектерiнiң үлесiн (2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);
  • мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тiлiндегi контенттiң үлесiн (2014 жылға қарай -  53%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 70%);
  • тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешiм қабылдау процесiн талқылау кезiнде қоғамдық қолжетiмдiлiк пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесiн (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%);
  • қазақ тiлiнiң реттелген терминологиялық қорының үлесiн (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);
  • республикадағы орыс тiлiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесiн (2020 жылға қарай - 90%);
  • ұлттық-мәдени бiрлестiктер жанындағы ана тiлдерiн оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесiн (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 90%);
  • республикадағы ағылшын тiлiн меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 15%, 2020 жылға қарай - 20%);
  • үш тiлдi (мемлекеттiк, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесiн (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 12%, 2020 жылға қарай - 15 %-ға дейiн) ұлғайту.

Бағдарламада көзделген барлық iс-шаралар ұлт бiрлiгiн нығайтудың маңызды факторы ретiнде мемлекеттiк тiлдi дамытудың басымдығына негiзделген және азаматтардың рухани-мәдени және тiлдiк қажеттiлiктерiн толық қанағаттандыруға бағытталған.

 

Бағдарламаның толық мәтіні

 

 

 

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың  2016 - 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы

 

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 176 Жарлығымен қабылданды.

Бағдарламаның мақсаты - еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халықтың денсаулығын нығайту.

Бағдарламаның міндеттері болып саналады:

  • Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту; аурулардың профилактикасын және басқаруды жетілдіру;
  • денсаулық сақтау жүйесін басқарудың және қаржыландырудың тиімділігін арттыру;
  • ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру және саланың инфрақұрылымын жетілдіру.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстан мынадай мақсатты индикаторға қол жеткізуге тиіс:

  • 2020 жылға қарай өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы 73 жасқа жетеді;
  • 2020 жылға қарай халық денсаулығының индексі 20 % - ға жетеді;
  • 2020 жылға қарай халықтың медициналық көмек сапасына қанағаттануының деңгейі. 

 

Бағдарламаның толық мәтіні